Экспозициялар

Д.А. Қонаев мұражайы екі экспозициялық залдан тұрады. Бірінші экспозициялық зал Д.А.Қонаевтың «Балалық шағы мен студенттік кездері және еңбек жолының басталуы», екінші экспозициялық зал «Д.А.Қонаев саяси және қоғам қайраткер» тақырыбын қамтиды. Мұражай қорында 3 мыңға жуық жәдігер жинақталған.

Мұражай жәдігерлері қарапайым шаруа баласының тау-кен инженерінен үкімет басшысы деңгейіне көтерілген, тіптен бұрынғы Одаққа, шет елдерге де танымал болған еңбек жолын көрсетеді.

Д.А. Қонаевтың қызметте өсу баспалдақтары мен қоғам қайраткері ретінде қалыптасу жолы жайлы осы деректер мен тарихи мағлұматтар музейде сақтаулы.

Алғашқы бесжылдықтар кезінде еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев алып құрылыстарды салу кезінде қаншама күш-жігері мен қажыр-қайратын, ерік-жігері мен талантын жұмсады. 1942-1952 жылдар аралығында Д.А. Қонаев Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі, кейіннен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеген жылдары ол еліміздің ауыр индустрия өнеркәсібін, транспорт, байланыс және қорғаныс салаларына басшылық жасады.

Кейіннен, 1952-1955 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Осындай жауапты қызметтерді Дінмұхамед Ахметұлы абыроймыен атқарып, өзінің туған Қазақстан халқының биік деңгейден көрінуіне күш салады. Осындай Дінмұхамед Ахметұлының өмірбаянымен және қызметімен толықтай мұражайдың экспозициялық залдары таныстырады.

Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-музейі – бұл  мұражай өз жәдігерлерінің құндылығымен ерекшеленеді. Мұнда Д.А. Қонаевтың жекелеген заттары, техникалық, анықтамалық және көркем әдебиеттер, өнер жөнінде альбомдар,  авторлардың жекелей қолтаңбасы жазылған кітаптары, жиһаздар,  тұрмыстық заттар, мерейтойларына арналған көптеген сыйлықтар мен экспонаттар, басқа да әр алуан заттар бар. Бұлардың бәрі ұзақ жылдар бойы мұқият сақталған және Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың  немере інісі Диар Асқарұлы Қонаев мұражайға  табыс еткен.

Мұражайдың ерекше құндылығы – мемориалдық пәтер-мұражайының толықтығында және ауқымының кеңдігінде. Мұнда сақталған жәдігерлер Д.А. Қонаевтың дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай дем алып нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер - музейі» - бұл өткен тарихымызбен таныстыратын  орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгер.