"Әйел жанның қанаты" көрмесінің ашылуы

      5 наурыз күні Д.А. Қонаев музейінде "Әйел жанның қанаты" атты көрменің ашылуы болып өтті. Көрмеде Қонаев отбасы архивінен алынған фотосуреттер қойылды.

      Зуһра Шәріпқызы 1918 жылы 31 желтоқсанда Ақмола облысы,  Атбасар қаласында ауқатты татар отбасында дүниеге келген.   Зуһра Шәріпқызы сол уақыттағы таңдаулы мамандықтардың  бірі, есепші-экономист мамандығын меңгерген. Халық комиссарлар кеңесінде есепші болып жұмыс жасаған.  Зухра Шәріпқызының қызығушылығы жан-жақты. Қазақ әдебиетінен әлем әдебиетіне дейін, орыс және шет ел классиктерінің еңбектерімен таныс болып, оның ішінде өнерге қатысты кітаптарды  құр жібермейтін.  Он саусағынан бал тамған, шебер әйел болды. Ағылшын тілін меңгерген. Дінге өте құрметпен қарап,  араб елдеріне барған сапарында өзімен бірге  Құран кітабын ала келген.