«Д.А. Қонаевтың сүйікті әндері» концерті

2017 жылдың 10 мамырында сағат 18.30-да Ж.Жабаев атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында Д.А. Қонаев музейінің ұйымдастыруымен Димаш Ахметұлының туғанына 105 жыл толуына орай «Д.А. Қонаевтың сүйікті әндері» атты концерті өтті.

Іс-шараның мақсаты – өткен ғасырда «Ғасыр саңлағы» атанған Д.А.Қонаевтың қоғамдық қызметі мен еліміздің экономикасы мен мәдениетін дамытудағы орасан зор қол жеткізген табыстарын, халқымыздың құрметіне бөленген адамгершілік ізгі қасиеттерін насихаттау.

Әр ғасырдың дара туған дарабоздары, халқының қастер тұтар біртуар қасиетті ұлдары болады. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Саяси бюро мүшесі, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.

XX ғ. 60-80-ші жылдары еліміздің мәдениеті мен өнерінің ерекше дамыған жұлдызды кезеңі болды. Д.А. Қонаевтың басшылығымен елімізде жаңа мәдени ошақтар ашылып, театр мен концерттік ұйымдардың бұрын болмаған жаңа түрлері дүниеге келген болатын.

Концертте «Отырар сазы» оркестрі, Е. Хасанғалиев, Б. Төлегенова, Н. Нүсіпжанов, Л. Кесоглу, Р. Рымбаева, А. Үлкенбаева, Е. Спаналиев, «Дара тобы», «Қоңыр тобы» және т.б. белгілі өнер жұлдыздары мен жас таланттар өнерлерін көрсетті.

Концертті 800-ден аса көрермен тамашалады.